Ақтөбеде қызғалдақ ұстап фотоға түскен әкімнің ісі көпшелі сот отырысында қаралады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ботаникалық сараптама кезінде қызғалдақтың сирек кездесетін немесе құрып кету қаупі бар тізімге жататыны анықталмады.

Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваға қатысты іс жалғасты. Судья бүгін сараптама қорытындысын оқыды.
– Әкімшілік іс бойынша ботаникалық сараптама тағайындалған болатын. Фотосуреттен қызғалдақтың сирек кездесетін немесе құрып кету қаупі төнген өсімдіктердің түріне қатыстылығы бары анықталмаған. Хаттама толтырған лауазымды тұлға нақты оқиға болған жерді анықтамағандықтан көшпелі сот отырысы кейінге қалдырылады, - деді судья.
Сот шешім шығару үшін Мұғалжар ауданына барады. Нақты уақыты сот отырысы кезінде айталмады.
Айта кетейік, сәуір айының соңында Мұғалжар ауданы Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваның қызғалдақ ұстап отырған фотосы әлеуметтік желіге жарияланды.
Кейін әкімнің қылмыстық емес, әкімшілік жауапқа тартылатыны белгілі болды. Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған аудараралық сотында қаралып, Ләззат Бердібаеваға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127 бабы 1 бөлімі бойынша хаттама толтырылғаны айтылды. Алайда ауыл әкімі кінәсін мойындамады.
Кейін ауыл әкімінің қолындағы қызғалдақтың түрін анықтау үшін сараптама тағайындалды.