Ақтөбеде көктемгі тасқын кезінде бұзылған бөгеттерді жөндеуге 3 млрд теңге қажет

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбеде 15 бөгет бұзылған. Үшеуінің кепілдік мерзімі болса, қалған 12 бөгетті жөндеуге 3 млрд теңгеден астам қаржы қажет. 

Су тасқыны
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Ақтөбеде су қорғау бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды тексеру комиссиясы құрылып, оның қорытындысы шықты. Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекеновтің айтуынша, облыста 611,8 миллион текше метр суды сақтайтын 206 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 10-ы – республикалық, 174-і – коммуналдық, 22-сі – жеке меншік. 2023 жылы 4 бөгетке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар: Алға ауданындағы Көсем, Әйтеке би ауданындағы Тереңсай және Щербаков, Мәртөк ауданындағы Қазан-2 бөгеттері. Көктемде осы бөгеттің үшеуі бұзылды. 

– Биыл көктемгі су тасқыны кезінде коммуналдық меншіктегі 15 бөгет жарылды. Олардың қатарында былтыр жөнделген үш бөгет бар. Олар: Щербаков, Тереңсай және Көсем. Келісімшарт бойынша оларға 2 жылдық кепілдік берілген. Жөндеу жұмыстарын жүргізген компаниялар өз қаражатына бөгеттерді қалпына келтіреді. Щербаков бөгетіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қалған 12 бөгетті қалпына келтіру үшін 3 миллиард теңгеден астам қаражат қажет,- деді Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов. 

Қаржы министрлігі және Су шаруашылығы және ирригация министрлігі қаржы мәселесін бірлесіп қарастырып жатыр. 

– Бірінші кезекте жөнделуі керек жобалар аудан әкімдерімен келісілді. Республикалық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінуі қажет. Қалған қаржы жергілікті бюджеттен алынады. Бүгінде қала бойынша екі өзеннің түбін тазарту керек. Барлық мәселе қаржыландыруға байланысты алдағы уақытта шешіледі, - деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Еске салсақ, көктемде Әйтеке би ауданындағы Щербаков бөгеті бұзылып, сол ауданда үйлерге су кірді.

Соңғы жаңалықтар