Ақтөбеде көкжөтел тіркеле бастады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 18 адам көкжөтелге шалдыққан болуы мүмкін деп тексерілді. Ауырып жатқан балалардың көбі вакцина салдырмаған. 

Ақтөбе
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ақтөбе облысында ЖРВИ және тұмау, қызылша, көкжөтел, коронавирус секілді адамнан адамға жұғатын вирустың таралуы төмен. Алайда эпидемиолог мамандар қызылшаға және көкжөтелге қарсы вакцина қабылдауға шақырды. Бүгінде 10 400-ден астам адам қызылша жұқтыруы мүмкін деп тексеріліп, оның 46,5% сараптамасы оң нәтиже көрсетті. Қызылша жұқтырғандардың көбі екпе алмаған балалар болған соң жаппай вакцинациялау жүргізілді. 50 мыңға жуық адам вакцина салдырды. Ал қазір көкжөтелге қарсы вакцинаның маңызы түсіндірілді. Себебі 2022 жылы көкжөтел тіркелмесе, 2023 жылы 33 адамнан анықталды. Ауырғандардың бәрі 14 жасқа толмаған балалар. 

- Биыл 18 адамнан көкжөтел анықталды. Көкжөтелге шалдыққан балалардың 99% вакцина салдырмаған. Қазіргі кезде осы ауру қиынға соға бастады. Бұл ауруға қарсы вакцина бар екенін ескертеміз. Сондықтан тұрғындарды иммундау шарасына қатысуға шақырамын, - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Оның айтуынша көкжөтелдің көбеюінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, коронавирус инфекциясы кезінде жоспарлы екпе қабылдау кейінге шегеріліп қалды. Екіншіден, балалардың ата-аналары мақсатты түрде вакцинадан бас тартқан. 

- Вакцинасыз вирусты жеңу мүмкін емес. Алыпқашпа әңгімеге, жел сөзге ерудің қажеті жоқ, - деді Мұхтар Сербаев.