Ақтөбеде корпоратив кешінен кейін төбелес шығарып, полицияға бағынбағандар жазаланды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жаңажылдық корпоративтік кештен кейінгі төбелеске қатысушылар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат полицияға сілтеме жасап.
Мейрамхананың сыртқы бақылау камераларынан төбелестің басталғаны жазылған видео тәркіленді.
Полиция қызметкерлері «Ұлытау» мейрамханасының жанынан төбелеске қатысқан 9 адамды анықтады, оның арасында әйелдер де бар.
Оқиғаға қатысушылардың екеуіне ҚР ӘҚБтК 667-бабымен, төртеуіне 434-бабымен хаттама толтырылды.
Полиция қызметкерлерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған мәліметті телефонға түсіріп, таратқан әйел мен такси жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК 73-3-бабымен хаттама жасалды.
Барлық материалдар заңды шешім қабылдау үшін Ақтөбе қаласының әкімшілік сотына жолданды.
Еске сала кетейік, мұның алдында Ақтөбе қаласындағы «Ұлытау» мейрамханасында полиция қызметкерлері төбелеске қатысушыларды «ұрып-соққаны» туралы ақпарат тараған болатын.
Жарияланымға байланысты жанжалға қатысушыларды ұстаған полицейлердің бейнежетонынан алынған жазбалар талданған.
31 желтоқсан сағат 01:35-те жедел басқару орталығының 102 телефонына Ақтөбе қаласы Бөгенбай көшесі 17 мекенжайында орналасқан «Ұлытау» мейрамханасының жанында төбелес болып жатқаны туралы хабар түсті. Аталған мекенжайға дереу полицияның кешенді күштерінің жасағы жіберілген.
Ішімдік ішіп, мас болғандар полиция қызметкерлерінің ескертуін елемей, төбелесті жалғастырады.
Сондай-ақ, видеожарияланымдағы «жігіт» пен «қыз» полиция келгенге дейін, қақтығысқан адамдар арасындағы төбелес кезінде соққы алғаны белгілі болды.
Жанжал шығарғандар ұстау кезінде қарсылық көрсетіп, барлығы полиция бөліміне жеткізілді.
Мейрамханада да полицейлердің қол көтеру фактілері болған жоқ.