АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат –Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласын дамыту тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында мал жүнін өңдеуге қатысты жаңа жоба қарқынмен жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт салуға 4 млрд 321 млн теңге көлемінде инвестиция тартылып отыр. Өнім – экологиялық таза. Зауыт шикізат ретінде қой жүнін пайдаланбақ.
Өткен жылы күзде жергілікті әкімдік зауыт салатын серіктестік пен италиялық компаниямен өзара келісімге қол қойған болатын. Бүгінде кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр.
Кәсіпорын директоры Ерлан Жаңабергеновтің айтуынша, зауыт келесі жылы іске қосылмақ. Алайда құрылыстың аяқталғанын күтпей, жүн қабылдау пунктін ашу шешілген.
«Бұл мәселеге қатысты қазір бізге өзге өңірлерден де хабарласып жатқан шаруалар бар. Жалпы зауыт ашылса, шикізат өндіруде ешқандай мәселе болмайды», — дейді Ерлан Жаңабергенов.