Ақтөбеде құлаған бағаналардың орнына жаңасын орнату жұмысы бір аптаға созылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мұғалжар ауданының Сабындыкөл ауылына жарық берілді. Мұндағы құлаған бағананы қалпына келтіру жұмысы бір аптаға созылды.
Жаңа жылдан бастап Мұғалжар ауданының 6 ауылында жарық алма-кезек сөнді. Мұның себебі – электр сымына диаметрі 15-20 см болатын мұз қатып, бағаналар құлауы.
- Сабындыкөл ауылында 79 бағана құлаған болатын. Қазіргі кезде бағаналар жаңартылып, орнатылды. Сымы да тартылып, жарық берілді. Ауылда 4 қаңтар күні жарық сөніп, тұрғындар генератор пайдаланды. Сумен қамту үшін ұңғымаға қуаттылығы жоғары генератор берілді,- деді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов.
Еске салсақ, Ақтөбеде күн райы күрт өзгеріп, Мұғалжар ауданындағы Жұрын, Қаракөл, Сабындыкөл, Ащысай, Құмсай, Ақсу ауылдарында электр сымын тарту жұмысы жүргізілді. «Энергосистема» ЖШС-де 30 желтоқсан және 8 қаңтар аралығында күшейтілген режимде жұмыс атқару бекітілді.