Ақтөбеде мәдениет сарайының есепшісі екі адамға 6 млн теңгеге жуық ақша аударған

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының есепшісі ешқандай келісімшарт болмаса да 2 адамға миллиондарды аударып жіберген. Мұны облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтап, кері қайтару туралы нұсқама берді. 

Ақтөбеде мәдениет сарайының есепшісі екі адамға 6 млн теңгеге жуық ақша аударған
Фото: pixabay.com

Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті қалалық мәдениет сарайы есепшісінің жұмысын тексерді. Тексеру кезінде бірнеше заңсыздық анықталды.

Құжаттарға сүйенсек, мәдениет сарайында 2 күзетші, 2 вахтер жұмыс істейді. Соған қарамастан былтыр 2 ай бойы өзге күзет қызметін пайдаланып, оларға 500 мың теңгеге жуық ақша аударған. Бұл – негізсіз шығын. Сонымен бірге жалған келісімшарт нөмірін белгілеп, екі адамға миллиондарды жіберді. 

– Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының есепшісі еш негізсіз екі адамға ақша аударған. Біреуіне 2,9 млн, ал екіншісіне 3 млн теңге берді. Олар мәдениет сарайының қызметкері, қызмет көрсетуші жеке кәсіпкер де емес. Сөйтіп келісімшарт болмаса да негізсіз төлем жасалған. Қазіргі кезде жалпы шығын 6 млн теңгеге жуықтайды, - деді Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов. 

Аудит бұзушылықтарды қалпына келтіру туралы нұсқама берді. Арада бір айдан астам уақыт өтсе де әзірге ақша кері қайтарылмады. Жауапты қызметкердің іс-әрекетіне қатысты процесуалды шешім қабылдау үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді. 

Бұған дейін хабарлағандай, Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де алған ақшасын кері қайтарады. 

Соңғы жаңалықтар