Ақтөбеде мәдениет үйінің экс-есепшісі мен маманына 29 млн теңге жымқырды деген айып тағылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің бұрынғы есепшісі мен бөлімнің маманына «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу», «Алаяқтық» баптары бойынша айып тағылды. Прокурор айыптау актісінде жаңа жылдық іс-шарамен қатар техникалардың күтіміне деп мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап, кейін ақшаны туған-туыстары арқылы өздері иемденгенін айтты.

Ақтөбеде мәдениет үйінің бұрынғы есепшісі мен маманына 29 млн теңге жымқырды деген айып тағылды
Фото: Kazinform/ЖИ

Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің бұрынғы есепшісі Дана Айтжанова және бөлімнің маманы А.Д-ға қатысты қылмыстық істің басты сот талқылауы басталды. Прокурор айыптау актісінде оқиғаның 2024 жылы қараша-желтоқсан айлары мен 2025 жылдың қаңтарында болғанын айтты.

— Бас есепші қызметін атқарған Дана Айтжанова материалдық жауапты тұлға бола тұра заңсыз пайда табу мақсатында бірнеше рет құқықбұзушылық жасады. Ақтөбе қалалық әкімдігі қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдениет үйінде есепші болған Дана Айтжанова директордың міндетін атқарушы Наурызбаевтан ЭЦҚ алып, қаржылық жұмыстарды жүргізу сылтауымен пайда табуды көздейді. Бұл ойын мәдениет үйі бөлімінің маманы А.Д-ға айтып, ол ұсынысты қабылдайды. Мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуге бұйрық, техникалық негіздеме құжаттарын жасап, қызметтік хаттар әзірлейды. Екеуі «Жукатаева А.Ж», «Хан», «Орынбасарова А.Ж» жеке кәсіпкерлерін тартады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген туыстары олардың қылмыстық ойын білмеген, — деді прокурор сотта.

Сотталушы Дана Айтжановаға қатысты үш эпизод бар. Біріншісі, «Жаңа жылым, жарқыра», «Новый год — новая жизнь, новая песня» атты мәдени-көпшілік іс-шарасын ұйымдастыру конкурсы. Мемлекеттік сатып алу конкурсында «Хан» жеке кәсіпкерлігі «Жаңа жылым, жарылқа!», «Жукатаева А.Ж» ЖК «Новый год — новая жизнь, новая песня» атты мәдени-көпшілік іс-шарасына жеңімпаз деп танылады. Бірі 9 600 000 теңге, екіншісі 7 400 000 теңге ұсынып, ақша аударылады. Ал шын мәнінде мәдени іс-шара ұйымдастырылмаған. Фото, видео дәлел өзге кәсіпкер өткізген іс-шарадан болып шықты.

Прокурор сотта ақшаны екі сотталушының өз қажеттілігіне жұмсағанын айтты. Заңсыздық Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит тексеруі кезінде анықталды.

— 2024 жылы 27 желтоқсан күні Қалалық мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Наурызбаев қызметінен кетіп, орнына Нұртас Омаров келгенімен есепші қызметін атқарған Дана Айтжанова қала әкімінің шыршасын өткізу конкурсын жариялайды. Ал әкім шыршасы 23 желтоқсан күні өтіп кеткен. Соған қарамастан Дана Айтжанова танысына хабарласып, тіркелген жеке кәсіпкерлігі арқылы конкурсқа қатысуға шақырады. Коммерциялық ұсыныс дайындауды, сомасын 6 600 000 теңге деп көрсетуді сұрайды. Түнде конкурс жарияланып, танысы коммерциялық ұсынысын жүктейді, жеңімпаз атанады. Дана Айтжанова тағы Наурызбаевтың ЭЦҚ қолданып, келісімшартқа қол қояды. Ақшаны «Орынбасарова А.Ж» ЖК аударады. Кейін іс-шара болмайтынын, ақшаны қолма-қол әкелуді сұрайды, — деді прокурор.

Үшінші эпизодта лэд экран мен музыкалық аппаратураға техникалық қызмет көрсету конкурсы жарияланғаны айтылды. Жеңімпаз атанған «Зере» жеке кәсіпкерлігіне 3 млн теңге, «Қабыл» ЖК-не 2 986 909 теңге аударылған. Мұнда да ақшаны банктен алып, қолма-қол беруін сұраған.

Сот талқылауында сотталушы Дана Айтжанова өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ал А.Д. өз ұстанымын сотталушыдан жауап алу кезінде айтпақ.

Сотта Ақтөбе қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева куә болды. Оның айтуынша, есепші қызметін атқарған Дана Айтжановаға келісімшарт 2025 жылдың қаңтарынан бастап үзілетінін хабарлағанда ол кабинетін құлыптап, сол кездегі директордың ЭЦҚ бермеген. Қалалық мәдениет бөлімі Ақтөбе облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арыз түсіріп, бір жылды тексеруді сұраған. Алайда 2025 жылы жоспарлы тексеру болатыны хабарланды.

— Сейфті ашқанда қалалық мәдениет үйінің мөрі, электрондық кілті шыққан жоқ. Қалалық мәдениет сарайына басқа жерден мамандар алып, міндетін атқарушы қызметкерлерді тағайындадым. Жаңа директоры Нұртас Омаровқа кілт жасалып, ол жүйеге кіргеннен кейін ақша аударымдары болғанын анықтап тұрмыз, — деді ол.

Айта кетейік, Ақтөбеде білім басқармасы бұрынғы үш есепшіні сотқа берді. Үшеуі де өздерінің, мұғалімдердің атына артық ақша аударып, оны өз қажетіне жұмсап отырған. Облыстық білім басқармасы шығынды өндіріп алу үшін сотқа арыз түсіріп, жеңіп шықты.