Ақтөбеде мектеп ауласында бір топ иттен қашқан оқушыны адамдар құтқарып қалды

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында мектеп оқушысын бір топ ит қуып, оны ересектер арашалап қалды. Бала дін аман, бірақ қатты қорқып қалған, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе
Фото: видеодан алынған скрин

Оқиға кеше Қандыағаш қаласындағы №2 және №4 мектеп арасындағы аулада болған. Бейнематериалдан балаларға жүгірген итті көруге болады. Бір топ бала қашып құтылса, ендібірі жерге жата қалды. Сол сәтте ересектер барып, арашалап қалды.  

- Баламды ит қуып, қауып ала жаздады. Сол кезде мектеп ауласында жүрген әйел адамдар арашалап қалды. Мұндай жағдай бірінше рет болып тұр. Бірақ қала ішінде ит көп. Ол иттерді тауып та алдым. Өзіме жүгіріп тұр. Иттерді тапқаныммен не істей аламын? Өлтірсем жауапқа тартыламын. Сосын кеше видеоларымды алып, әкімге бардым. «Шара қолданамыз» деп айтты. Таңертең барып тексердім, әлі жүр. Балам қорқып қалған, «мектепке бармаймын» деді. Көндіріп, бүгін өзім апарып тастадым. Түсте кері алып келемін. Сол үшін де, баламның амандығы үшін де жұмыстан қалып отырмын. Күйеуім денсаулығы нашарлап, үйде отыр. Ол үш жасар қызымызды қарайды. Ал мен әлеуметтік көмек алу үшін әрі табыс қажет болып еңбекке араласқан едім. Соның бәрін тастап, баламды тасып жүрмін, - деді оқушының анасы Таңнұры Сүлейменова.

4-сынып оқушысы №2 Қандыағаш қалалық орта мектебінде оқиды. Мектеп №4 Қандыағаш қалалық орта мектебіне жақын орналасқан, ауласы бір. 

- Қандыағаш қалалық әкімдігіне, полицияға хабар берілді. Баламен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ол дін аман, зияны тимеді. Бүгін міндетті түрде шара қабылдайды. Бұған дейін де Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасарына, ит ататын мекемеге ескертілді. Барынша жұмыс істеп жатыр. Дегенмен қаңғыбас иттер ауламызда көп жүрген соң осындай мәселе туындап отыр, - деді №2 Қандыағаш қалалық мектебінің директоры Жазира Әбденова.

Жергілікті әкімдік ит аулау жұмысы жүргізілгенін хабарлады.

- ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы 2022 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енді. Соған сәйкес қаңғыбас иттерді бірден жою жұмыстары тоқтатылған болатын. Дегенмен бұл мәселе өзекті болуына байланысты Қандыағаш қаласында қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары заңдылыққа сәйкес ұйымдастырылып жатыр. Қазіргі таңда қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарын жүргізу тұрғындардың жазбаша түрдегі арызымен жүзеге асырылады. Осы бейнежазбадағы жағдай бойынша жеке тұрғынның арызы негізінде иттер ауланды. 2023 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 1 200 қаңғыбас ит және 50 мысық ауланды. 2024 жылға Мұғалжар ауданы бойынша қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, бірдейлендіру, стерильдеу жұмыстарына 18 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, - деп хабарлады Мұғалжар аудандық әкімдігі. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @kandyagash_public

Соңғы жаңалықтар