Ақтөбеде мектеп қаржысын жымқырған лудоман есепшінің ісі сотта қаралуда

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы мектептердің бірінде есепші болып жұмыс істеген сотталушы 2015-2023 жылдар аралығында мемлекетке 413 млн теңгеден астам шығын келтірді. Ол өзіне артық ақша аударып, тең жартысынан астамын бәс тігуге жұмсаған.

сот
Фото: Pexels

Ақтөбе қаласындағы №2 сотта мектеп есепшісінің ісі қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылды. 30 жастағы сотталушы 2015 жылдың наурыз айында жұмысқа қабылданып, сол сәтте-ақ өзіне жалақыны артығымен аударуға кіріскен. Ол үшін мектеп директорының ЭЦҚ пайдаланған. Алғашқы айда 60 мың теңге аударып, кейін жыл сайын өсіріп, оны бәске тіккен, жеке мақсатына жұмсаған. 

– Ол еш себепсіз есепшотына ақша аударса жазаланатынын, күдік тудыратынын білді. Сондықтан ол ақшаны аз-аздан, жалақы ретінде аударуды жөн санады. 2015 жылдың маусым-желтоқсан айлары арасында жалақы деп негізсіз 641 482 теңге аударады. Ақшаны алып, өз мақсатына пайдаланады. 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап 23 сәуірі аралығында 967 789 теңге аударылды. Сол жылдың мамыр айында еш күдік тудырмағанын біліп алып, «мектепке қажет» деп қаржыландыру көлемін өсіруге сұраныс түсереді. Кейін директорға апарып, қол қойдырып алады. Қалалық білім бөлімі еш күдіктенбегенін анық ұғынып, жыл соңына дейін мектепті қаржыландыруды 34 893 900 теңгеге ұлғайтып, мамыр-желтоқсан айлары аралығында өзіне 4 993 636 теңге аударады, - деді прокурор Елдар Абиев.

Айыптау актісіне сүйенсек, 2017 жылы аудиттік тексеру кезінде заңсыздық анықталмады. Сондықтан мектеп есепшісі бюджет ақшасын иемденуді әрі қарай жалғастырады. Сөйтіп 2015-2023 жылдары аралығында жалпы сомасы 413 822 951 теңге шығын келтірді. Оның 265 440 768 теңгесіне бәс тігіп, өзгесін жеке қажеттілігіне жаратады.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар