Ақтөбеде мектеп пен балабақшаны күрделі жөндеуге 3 млрд теңге бөлінді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Барлығы 9 білім және тәрбие беру мекемесі тізімге енді. Оның 8-і мектеп болса, біреуі мектепке дейінгі ұйым.
Ақтөбе облысында қазіргі кезде білім беру ғимараттарын жөндеу жұмысы басталды. Соның ішінде Ақтөбе қаласындағы №37, №22 және №17 орта мектептері мен «Білім-инновация» мамандандырылған лицейі бар. Әйтеке би ауданында М.Жұмабаев атындағы орта мектеп, Байғанин ауданында Қарауылкелді орта мектебі, Мұғалжар ауданында Құмсай орта мектебі, Темір ауданында С.Бәйішев орта мектебі тізімге енді. Ақтөбе қаласындағы №38 «Әлем» балабақшасында да жөндеу жұмысы басталды.
- Білім беру және тәрбие саласындағы ғимараттарды жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігерлер анықталды. Күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары кезінде ғимараттың шатыры ауыстырылып, қасбеті өзгереді. Едені, есігі ауыстырылады. Су, кәріз және электр жүйесі толық жаңарады. Ішкі әрлеу, сырлау жұмысы жүреді. Күрделі жөндеу жұмыстары биыл 20-тамызға дейін аяқталуы тиіс,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйлердің 16% жуығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Өңірде 2 782 көпқабатты үй болса, оның 440-ы ескірді. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарына 670 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады.