Ақтөбеде «Мектепке жол» акциясының барысында демеушілер қаражаты есебінен балаларға 1,8 млн. теңгеге көмек жасалды

АҚТӨБЕ. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында ата-аналар, педагогтық ұжымдар, жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен «Мектепке жол» акциясы өтуде.

Ақтөбеде «Мектепке жол» акциясының барысында демеушілер қаражаты есебінен балаларға 1,8 млн. теңгеге көмек жасалды

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, акция барысында «Жаппай оқу» қорының, сондай-ақ демеушілік қаражат есебінен жеңілдік  санатындағы 3 000-нан астам мектеп оқушысын киіммен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету жоспарланған.

Осылайша, 1-10 тамыз аралығында тұрмысы нашар отбасылардан шыққан, мүгедек, жетім балалардың 277-сіне 2,1 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, соның 282 400 теңгесі - бюджеттік қаражат есебінен алынды, қалған 1,8 млн. теңге демеушілерден келіп түсті.

Жаппай оқу бойынша екі айлық және «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының барысында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін үй-үйді аралау шаралары өтеді. Білім ұйымдарында «Сенім телефондарының» жұмысы жаңартылуда, сондай-ақ сауалдар үшін жәшіктер орнатылған. Акцияның қорытындылары 2012 жылдың 25 қыркүйегінде шығарылады.