Ақтөбеде мыңнан астам азамат әскерге шақырылады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз айында басталады. 18-27 жас аралығындағы жас жігіттер еліміздің бірнеше өңіріне жіберіледі. 

әскерге шақыру
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Ақтөбе облысында қазір 18-27 жас аралығындағы жас жігіттерге шақыру жіберіліп жатыр. Хабарлама алған ер азаматтар медициналық тексеруден өтеуі тиіс. Арнайы білім беру, жоғары оқу орындарының студенттері анықтама тапсырса, денсаулығына байланысты ем алып жүргендер де өзі жайлы хабарлауы керек.

— 1 наурыз бен 30 маусым аралығында мерзімді әскери қызметке шамамен 1200 азаматты шақыру жоспарланып отыр. Іріктеуден өткендері ҚР Қарулы Күштері, Ұлттық ұланы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады. Шақырылып, бірақ келмеген жағдайда ішкі істер органдары жеткізуді қамтамасыз етеді. Әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жазаға әкеп соғады. Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес айыппұл немесе 1 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — деді Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Ардақ Құмаров.

Департаменттің мәліметіне сүйенсек, өңір жоспарды толығымен орындап отыр. Әскерден жалтарып жүргендер жоқтың қасы.

Айта кетейік, былтыр Ақтөбе облысы бойынша 112 әскери қызметші «Сарбаз» жобасы аясында білім беру гранттарына ие болды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы тағайындалды

Соңғы жаңалықтар
Референдум