Ақтөбеде мұнай қалдықтарын өңдеп, 393 млн теңге тапқан кәсіпорын басшысы сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбеде қауіпті мұнай қалдықтарын тиісті лицензиясыз өңдеп, 393 млн теңге табыс тапқан кәсіпорынның басшысы сотталды. Заңсыз жолмен алынған қаражат мемлекетке қайтарылды.
Ақтөбе облысының табиғатты қорғау прокуратурасы «ЖАН-АМИ и К» ЖШС-нің заңсыз қызметінің жолын кесті. Тексеру барысында кәсіпорынның 2024–2025 жылдары тиісті мемлекеттік лицензиясыз 1 400 тоннадан астам қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдегені анықталды.
Заңсыз қызметтен серіктестік 393 млн теңге табыс тапқан.
Прокуратура материалдары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, істі Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізді.
— 17 тамызда Ақтөбе қаласының № 2 соты серіктестік директорын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот оған мүлкін тәркілей отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда «Рақымшылық туралы» заң негізінде сотталған адам негізгі жазадан босатылды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар заңсыз алынған 393 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді. Сот үкімі апелляциялық сатыда өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.
Еске салайық, мұның алдында Шымкентте заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған екі адам сотталғанын хабарлағанбыз.