Ақтөбеде облыстық маңызы бар жолдарға автоматтандырылған өлшеу стансасы қондырылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбенің мұнайлы ауданындағы ой-шұңғыры көп жол көптің ашуын тудырды. Әкімдік жолды тегістейтінін, кейін облыс бойынша автоматтандырылған 5 өлшеу стансасы қондырылатынын хабарлады.

Ақтөбедегі Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі облыстық маңызы бар жол кезең-кезеңімен жөнделіп жатыр. Алайда жол лезде бұзылып, тұрғындардың қатынасы қиындады. Ауыр жүк көліктері жүріп өткен соң жолдың кейбір бөлігі аюдың апанындай шұңқырға айналды. Тұрғындар оны әлеуметтік желіге жариялап, әкімдіктен жолда жүрудің амалын сұрады.
– Бұл Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі облыстық маңызы бар жол. Жол мұнаайлы өлкеде орналасқан. Төртінші санаттағы жол. Ауыр жүк көліктері жүріп, ақау келтірді. Қазіргі таңда күтіп ұстауға жауапты мекеме тегістеу жұмысын жүргізіп жатыр. Тегістеу жұмысы жүргізілген соң шұңқырлар жөнделеді. Сонымен бірге көлік инспекциясымен бірге рейд ұйымдастырамыз. Сонымен бірге облыстық маңызы бар 5 жолда автоматтандырылған өлшеу стансасын қондыру жоспарланып отыр. Жұмысты бастауға қаржы бөлінді. Ауыр жүк көлігі өткенде салмағы өлшенеді. Шекті салмақтан асып кетсе, автоматты түрде айыппұл салынады, - деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаев.

Айта кетейік, биыл облыста аудандық, облыстық маңызы бар жолдарға 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 400 шақырым жол жөнделіп, салынып жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде небәрі 500 метр болатын жол бар. Мердігер былтыр бастаған жұмысын биыл аяқтауы тиіс.