Ақтөбеде он қабатты ғимараттың шатырынан декоративті элемент құлап түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбеде он қабатты ғимараттың шатырынан декоративті конструкция құлап түсті.

Ақтөбеде он қабатты ғимараттың шатырынан декоративті элемент құлап түсті

Ол жолай бірнеше кондиционерді құлатып, дүкеннің шатырына түскен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Оқиға 6 ақпанға қараған түні орын алды.

«Келтірілген шығын сомасын әлі білмеймін. Өткен жылы шатырымызға күрделі жөндеу жасаған болатынбыз. Жұмыстарға 800 мың теңге төледік», - деді «Диапазон» басылымына сұхбат берген «Тост» ЖШС-ның директоры Бақыт Сүлейменов (конструкцияның сынықтары түскен дүкеннің иесі).


Өткен жылдың тамыз айында осы үйдің тұрғындары басылымның редакциясына шағымдарын жеткізген болатын. 2014 жылы «GEMBA» ЖШС-ның алматылық мердігерлері үйлерінің шатырына қаланың көркін келтіру үшін безендірулер орнатқан. Осыдан кейін шатырдан пәтерлерге су аға бастаған. Техникалық бағалау анықтағандай, безендіруді орнату үшін бұрғымен шатырды тесіп өткен. Декоративті құрылғы парус іспетті жұмыс істейді. Жел ұйытқыған сайын ол қозғалып, тесіктер ұлғая түседі.

Медиациялық келісім бойынша «GEMBA» ЖШС 2016 жылы бірқатар жұмыстарды орындауға міндеттелді. Соның ішінде, 1-7 кіреберістер аралығы бойындағы декоративті элементтердің 27 негізгі бекіткіштерін өз қаржыларына қайта монтаждауы тиіс болды.

Жұмыстар жүргізілді, бірақ оның сапасына тұрғындардың және ПИК-тің көңілі толмады. Мердігерлермен дау-дамай әлі күнге дейін жалғасуда.



фото авторы: Владимир Зобенко, diapazon.kz