Ақтөбеде өтемақы алу үшін шартты некеге тұрған әскери қызметші сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тыл басқармасының бастығы 6 балалы отбасымен келісіп, 60 млн теңгеден астам пайда таппақ болды. Шартты некеге келіскен отбасына 4,5 млн теңге берген.
Ақтөбе гарнизоның әскери сотында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тыл басқармасының бастығына Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Е.Роман бұл қызметке 2024 жылдың маусым айында тағайындалады. Ол сенімге кіріп, аса ірі көлемде пайда таппақ болады. Сөйтіп Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде тұратын алты балалы отбасыны табады. Шартты некеге тұрып, ол қызметі үшін 4 500 000 теңге беруге келіседі. 2024 жылы шілде айында екі жақтың келісімінен соң неке қиылып, әскери қызметші куәлікті, құжаттарды жинап, жұмыс орнына тапсырады. ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тұрғын үй комиссиясы шартты некедегі кәмелетке толмаған 6 баланы тіркейді. Комиссия 66 598 024 теңге ақшалай өтемақы беруге шешім қабылдайды. Қаржы Отбасы банктегі арнайы есепшотына аударылады.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, сотталушы банк есепшотындағы ақшаны шешіп алу үшін әскери училищеде бірге оқыған достарына өтініш жасайды. Көп ұзамай пәтерді шартты түрде сатып алады және баспана құны келісімшартта 67 371 280 теңге деп көрсетілді. Кейін келісім бойынша Петропавл жоғары әскери училищесінде бірге оқыған досы қаржыны сотталушының екінші деңгейлі банктегі есепшотына аударады. Сотталушы анасы арқылы шартты некеге келіскен отбасына 4 500 000 теңге береді, қалғанын өз қажетіне жұмсайды. Сотта мемлекетке келтірген шығын 62 997 858 теңге деп көрсетілді.
Сотталушы Е.Роман өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Жәбірленуші тарап, яғни әскери бөлім өкілі шығынның толық өтелгенін айтып, азаматтық талап арыз бермейтінін жеткізді.
Сотталушы Е.Роман Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағымен айыпты деп танылып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес түпкілікті 4 жыл 4 ай 24 күнге жаза кесілді. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес шартты жазаға ауыстырылды. Ол пробациялық бақылауда болады. Полковник шенінен айырылды.
Еске салайық, Маңғыстауда әскери қызметші шартты неке құрып, мемлекетке 43 млн теңге шығын келтірді. Ол тұрғын үй өтемақысын алу үшін танысының әйеліне үйленді.