Ақтөбеде өтемақысын былтырдан бері алмаған 3 шаруаның ақшасы аударылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Ойыл ауданының шаруалары мал сою цехына сарып ауруына шалдыққан малын тапсырып, өтемақысын осы уақытқа дейін ала алмай келген. Прокуратура тексеруінен соң 3 шаруаның ақшасы аударылды.

Сиыр
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещановтың айтуынша, заңсыздық тексеру кезінде анықталды. Ойыл ауданының 3 азаматына талап бойынша өтемақы берілуі тиіс болған. Өйткені шаруалар малды былтыр тапсырғанымен, күні бүгінге дейін өтемақы ала алмай келіпті. 

- «Тұрар» шаруа қожалығы мал сою цехына 11 ірі қара тапсырған. Оған 1,5 млн теңге өтемақы төленбеген. Дәл осылай «Сенім» ШҚ-на 800 мың теңге және «Әділет» ШҚ-на 676 мың теңге төленбей келген. Қадағалау актісінен соң Ақтөбе облыстық Ветеринария басқармасы 3 кәсіпкерге 3 млн теңгеден астам өтемақы төледі. Бұзушылыққа жол берген жауапты тұлға тәртіптік жауапқа тартылды, - деді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.