Ақтөбеде өткен жарыста қазақстандық теннисшілер абсолютті жеңімпаз атанды

Қарағанды теннис мектебінің түлегі В. Зацепин жекелей сында финалда ресейлік Дмитрий Бурцевті 6:2, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Жұптық сында Виталий алматылық Кирилл Колгановпен бірге соңғы бәсекеде елордалықтар Давид Джавадов - Илья Ведмедьті 6:2, 6:2 есебімен ұтты.
Бұл – В. Зацепиннің ITF Juniors турнирлеріндегі 10-ыншы титулы (үшеуі жекелей, жетеуі жұптық сында). К. Колганов жұптық сында екінші рет чемпион атанды.
Қыздар арасында Д. Машабаева шешуші кездесуде ресейлік Дарья Кузнецованы 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Алматы теннис мектебінің түлегі жұптық сында тартысты өткен финалда командалас әріптесі Сати Әубәкіровамен бірге ресейлік Ксения Еременко - қазақстандық Әсем Шойбектен айласын асырды – 6:1, 6:7, 12:10.
Бұл – Ділназдың осындай додалардағы төртінші титулы (үшеуі жұптық, біреуі жекелей сында) болса, Сати тырнақалды табысына қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннисшілерінің жаңа маусымға Дубайда дайындалатынын жазған болатынбыз.