Ақтөбеде ірі мұнай компаниясы сұйытылған газ тасымалдаушылардан алдын ала төлем талап еткен

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - «СНПС-Актөбемұнайгаз» АҚ-ы сұйытылған газ тасымалдаушылардан алдын ала төлем талап еткен. Бұл бұзушылықты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тексеру кезінде анықтады.

газификация
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті «СНПС-Актөбемұнайгаз» АҚ-ына бұзушылықтарды жою туралы хабарлама берді. Алайда ірі мұнай компаниясы өз ісін дұрыс деп санап, бұзушылықты жоюға асықпады. Кейін департамент мамандары тексеру жүргізді.

- Компания сұйытылған газды сату кезінде алдын ала төлемді талап еткен және күнібұрын қаржы аудармағандарға сұйытылған газ сатудан бас тартқан. Бірінші инстанция соты департаменттің талабын заңды деп санады. Бірақ компания соттың шешімімен келіспей, апелляциялық сотқа шағымданды. Қазіргі кезде апелляциялық соттың шешімін күтіп отырмыз. Айта кететін жағдай, тергеу жұмыстары аяқталған кезден бастап, сот процестері шамамен 9 айға созылып тұр. Сонымен бірге «Қазақойл Ақтөбе, «Газпроцессинг» компанияларына да хабарлама берілді. Олар бұзушылықты жойды, - деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Сағындық Иргалеев.

Айта кетейік, департамент бөлшек сауда нарығын да тексерді. Сол кезде сұйытылған газды шекті бағадан асырып сатқан бірқатар нарық субьектісі анықталды.

- Нәтижесінде Real gaz-ға 345 000, Forceoil-ға 1 242 000, «ГазСнабЗап» компаниясы 241 500 теңге айыппұл салынып, жазаланды. Биылдан бастап сұйытылған газға шекті бөлшек бағаны белгілеу және бақылау жөніндегі аталған функцияны ҚР Энергетика министрлігіне берілді, - деді Сағындық Иргалеев.

Еске салсақ, биыл жазда Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы сезілді.

Соңғы жаңалықтар