Ақтөбеде студент өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Келесі сот отырысында сотталушы Мәди Сүгірбайдан жауап алынады. Бүгін жатақханада тұратын колледж студенттері куәгерлік етті.

Ақтөбеде студент өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қалалық № 2 сотында 17 жастағы Нұрбақыт Бақыттың өліміне қатысты іс қаралып жатыр. Сотталушы Мәди Сүгірбайға Қылмыстық кодекстің «Қауiптi жағдайда қалдыру» және «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» баптары бойынша айып тағылды.

Іс материалына сүйенсек, оқиға биыл сәуір айында болды. Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында жататын 4-курс студенті Мәди Сүгірбай өзінен кіші студенттерден тамақ сұрайды. Жатақхана ішінде ішер ас болмаған соң дүкеннен алып келуге жұмсайды. Бұл үшін бөлме ішінде болған балалар төсек жамылғысын бір-біріне байлап, Нұрбақыт Бақытты төмен түсіреді. Ал Мәди Сүгірбай оған 2 000 теңге ақша берді. Сот отырысында куәгер болған студенттер жатақхана есігі сағат 21:00–де жабылатынын, тіпті ортақ есік сырттан құлыпталатынын айтты. Сондықтан студенттер дүкенге бару үшін төсек жамылғысын пайдаланған. Сол сәтте Нұрбақыт Бақыт құлап, екі айға жуық ем қабылдап, көз жұмды.

Ақтөбеде студент өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Мен жаттығуға қатысамын. Жаттығуға барып келіп, жатақханадағы бөлмеме кірдім. Сағат 20:00 шамасында кірген кезде орнымда өзге студент жатты. Жанына ұйықтап қалдым. Сағат 23:00 шамасында оянып, телефонға қарадым. Мәди Сүгірбай да ұйқысынан тұрып, тамақ сұрады. Ешкімде болмады. Ол «біреуің түсіп келіңдерші» деп сұрады. Ешкім келіспеген соң «су-ли-фа» ойнауды бұйырды. Оған да ешкім келіспей, мен әрі қарай ұйықтап қалдым. Содан таңғы 4:00 шамасында мені полиция қызметкері оятты. Тұрған кезде жерден төсек жамылғысын көрдім, — куәгер.

Кәмелет жасқа толмаған тағы бір куәгер сотталушы Мәди Сүгірбайдан қорқатынын, бұған дейін де ол жатақхана ішінде өздерін ұрып-соққанын айтты.

— Нұрбақыт Бақыт киініп, дүкенге баруға дайындалып жатты. Кім тапсырма бергенін нақты білмеймін. Терезеден түсу үшін бәріміз төсек жамылғысын бір-біріне байлап, дайындадық. Жамылғыны көрші бөлмеден де алдық. Ол бірден түспеді. Терезенің арғы жағына шыққан соң кідірді. Біз «қорқып тұрсың ба» деп сұрадық. Қорқып тұрғынын айтқан соң кіргізіп алдық ішке. Тағы да сұрағанда, Мәди бізге келді. Ол өзге бөлмеден қарап тұрған. Жарықты өшіріп қойып, оны төмен түсірдік. Құлағанда басымызды терезеден шығарып, айқайладық, — деді куәгер.

Сотталушының анасы тағылған айыппен келіспеді. Тек баласының 2 000 теңге ақша бергенін, тамаққа деп қосқанын айтты. Сот алды тергеуі кезінде сотталушы Мәди Сүгірбайдың ұялы телефоны іс материалына тіркелмеді. Келесі сот отырысында сотталушы жауап беріп, өз соңғы сөзіне дайындалады.

Ал жәбірленуші тарап кешірім бермейтінін, 1 млн теңгеден астам материалдық, 500 мың теңге заңды өкіл және 20 млн теңге моральдық шығынды өтеуді сұрады.

Ақтөбеде студент өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Еске салайық, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған бірінші курс студенті қаза тапты. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, түнде студенттер арасында төбелес болған.