Ақтөбеде су басу қаупі басым 15 елдімекен бар
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша су басу аумағында барлығы 36 елдімекен болса, қазір көбінде алдын алу жұмысы аяқтады. Әлі де 15 елдімекенде қауіп сақталған.

Ақтөбе облысы бойынша су тасқынына қарсы жұмыс жүріп жатыр. Әсіресе Ақтөбе қаласында қар шығару, көктемде су сору жұмыстарына деп 400 млн теңге бөлінген. Дегенмен облыс бойынша 15 елдімекенде қауіп басым.
«Бүгінде 11 мыңнан астам тұратын 36 елдімекен ықтимал су басу аймағына жатады. Қазір 11 елдімекенде су басу қаупі жойылды, 10 елдімекенде қауіп барынша азайтылды. Ал 15 елдімекенде қауіп сақталып тұр. Су тасқыны жағдайында әкімдікпен бірлесіп жалпы саны 1638 адам, 350 техника, 66 жүзу құралы, 232 мотопомпа дайын тұр. Жанар-жағармай, инертті материалдар, қап дайындалды. «Қазгидромет» мамандарымен бірге Қарғалы, Елек, Ойыл өзендеріне зерттеу жүргізіліп жатыр»,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов.
Еске салсақ, былтыр көктемде Ақтөбе облысындағы Ойыл мен Қобда аудандарында жергілікті жағдайда төтенше жағдай жарияланды. Ол кезде тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандарға су кіріп, бүлінді.