Ақтөбеде су берілмеген көпқабатты үй тұрғындары қар ерітіп жатыр

Су жоқ
Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы Алтын орда тұрғын алабына әлі де су берілмеді. Тұрғындар су орнына қар ерітуге мәжбүр.

Ақтөбе облысындағы боран кезінде электр желілері істен шығып, су тоғандарында жұмыс уақытша кідірді. Салдарынаның қалада бірнеше тұрғын алабының халқы сусыз қалды. Қазіргі кезде Алтын орда тұрғын алабындағы 35 көпқабатты үйде осындай проблема кездесіп отыр.

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты сумен қамтуда кемшіліктер болды. Жұмыс күні-түні атқарылды. Қазір кемшіліктер жойылды. Бүгінде барлық насос, су желілері жұмыс істеп тұр. Алтын орда ауданында шағым түсті. Насос іске қосылғанымен, гидравликалық қысым маңызды. Қалпына келу үшін бірнеше сағат керек болады. Шамамен 35 үйге су жетпеді. Бүгін кешке дейін су барады, - деді «Aqtobe su-energy group» АҚ бас инженері Амангелді Боранқұлов. 

Айта кетейік, бұған дейін қанша ауылдың, қанша абоненттің сусыз отырғаны нақты айтылмады. Ақтөбе қаласында үш су тоғаны бар. Олар: Құдақтықыр, Тамды және төменгі Қалғалы су қоймасы. Сол үш су тоғанының екеуінде жарық сөніп, су беру қиындаған. 

Еске салсақ, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өз бейнежазбасында сумен қамту бойынша «Төменгі Қарғалы» және «Тамды» тоғандары, қаланың су тазарту нысандарының жұмысы қалпына келтірілгенін айтты. 

Соңғы жаңалықтар