Ақтөбеде су шаюы мүмкін республикалық жолдарда бекіту жұмысы жүріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбедегі республикалық тасжолдарда су басу қаупі басым 6 учаске бар. Онда тәулік бойы кезекшілік болады.
Ақтөбе облысы бойынша 36 елдімекен су басу қаупі басым аумақта орналасқан. Оның алтауы республикалық маңызы бар тасжолға жақын. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы ақпанда тасқынды болдырмау жұмысын бастады. Қазіргі кезде қаупі басым аумаққа инертті материалдар тасымалданған.
— Су тасқыны кезеңіне 800 тонна құм аралас тас, 300 тонна қиыршық тас, 2 000 тонна құм мен 25 мың қап дайындалды. Су тасқыны кезеңінде республикалық маңызы бар тасжолдағы 6 учаскеде кезекші бриагада тәулік бойы күзет жүргізеді. Егер су өткізу жүйесіндегі жұмыс қиындаса, жолды инертті материалдармен бекітеміз, - деді «КАЖ сервис» ЖШС АОФ бөлім басшысы Нүркен Айтмағамбетов.
Қазіргі кезде көпір астындағы су өткізу құбырлары мен оның аумағы қардан тазартылып жатыр. Күн сайын жұмысқа 400 адам мен 117 техника жұмылдырылады. Барлық инетті материал 16 жол-пайдалану бекетіне теңдей бөлінеді. Бұл қажет кезде материалды дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, әр жол-пайдалану бекетінде шебер, механизатор және жұмысшылар болады. Олар техникамен жабдықталған. Синоптиктердің айтуынша, наурыз айында өңірде жаңбыр жауып, ауа температурасы +2оС градус болады.