Ақтөбеде сұйытылған газға кезек көбейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — ҚР Энергетика министрлігі бөлген сұйытылған газ көлемі шілде айында аздық етті. Ақтөбеге тағы 1 221 тоннасы бөлінді.

Ақтөбе қаласында, сонымен бірге аудандарға бағытталған жолдарда газ тапшылығы сезіле бастады. Сонымен бірге кейбір автогаз құю бекеттері тек талон арқылы сатуды жөн көріп отыр.
Себебі ҚР Энергетика министрлігі шілде айына 11 299 тонна газ бөлгенімен, бұл Ақтөбе үшін жеткіліксіз.
— Жоспарлы сұйытылған газдың 11 210 тоннасы (негізгі көлемнің 99%) жөнелтілді. Осы айда автогаз құю бекеттеріндегі тапшылықты болдырмау мақсатында қосымша газ бөлу мәселесі пысықталды. Нәтижесінде шілде айына «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауытынан қосымша 1221 тонна газ бөлінді. Қазіргі таңда 34 вагон жеткізілу барысында. Бүгінгі күні зауыттардан жөнелту штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы.
Еске салсақ, Энергетика министрлігі сұйытылған газ бағасын 1 тамыздан бастап өзгертуді ұсынды. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.