Ақтөбеде Т-Gaz газ құю бекетінде өртенген көліктің шығынын оператор өтейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сот сотталушы Рустам Келбетовті Қылмыстық кодекстің «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» бабымен кінәлі деп таныды. Сотталушы көлік шығынына есептелген 23,5 млн теңгені 15 тәулік ішінде төлеуге тиіс.
Ақтөбе қалалық № 2 сотында Т-Gaz газ құю бекетінде болған өртке қатысты іс қаралды. Газ құю бекетінің операторы Рустам Келбетовке Қылмыстық кодекстің «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» бабы бойынша айып тағылып, үкім шықты.
— Рустам Келбетов Қылмыстық кодекстің 204-бабы 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. «Рақымшылық жасау туралы» Заңы негізінде бас бостандығынан шектеу түріндегі негізгі жазадан босатылсын. Жәбірленушінің азаматтық талап арызы толық қанағаттандырылсын, 23,5 млн теңге материалдық шығын, 850 мың теңге өкіл шығыны өндірілсін, — деді судья Дамир Пангерей. Сонымен бірге сот мұндай өрт оқиғаларының алдын алу үшін Ақтөбе облыстық ТЖД-нің бастығына жекеше қаулы шығарды.
Сотталушы Рустам Келбетов соңғы сөзінде тек өзін емес, Т-Gaz газ құю бекетінің иесін де жауапқа тартуды сұрады әрі жәбірленушінің шығынын өтейтін ақшасы жоқ екенін айтты.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, өрт былтыр шілде айында болды. Көлік өртенген кезде жұмысшыны күйік шалып, ол ауруханада ем қабылдады. Бұдан өзге Ақтөбеде үш адамның өмірін қиған өрт оқиғасына қатысты да сот отырысы басталды. Онда автогаз құю бекетінің иесіне айып тағылып жатыр.