Ақтөбеде талапқа сай келмейтін сүт, балық өнімдері көп екені анықталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жыл басынан бері өнім қауіпсіздігі мониторингі аясында сауда нысандарынан тамақ өнімдерінің 744 үлгісі іріктеліп, сатып алынып, зерттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбеде талапқа сай келмейтін сүт, балық өнімдері көп екені анықталды

Аймақтағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының мәліметінше, оның 229-ы отандық өндірушілердікі болса, 465-і ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден келген, 50-і басқа елдерден импортталған.

«Оның ішінде 72 сынама немесе 9,7%-ы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді. Мұның 20-сы отандық өндірушілерге, 48-і ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге, 4 сынама басқа ел өнімдеріне тиесілі. Тағам өнімдерінің көбісінде өндірушілер таңбалау ережелерін бұзған. Сүт және сүт өнімдерінің қатарында сапасыздар көп, 93 сынаманың 12-сі талапқа сай емес. Балық және балық өнімдерінің 36 сынамасының 11-і талапқа сай келмейді. Осындай олқылықтар құс, ет және кондитерлік өнімдерден де байқалды», - деп жазды ведомстводан.

Департамент биылдыққа 2 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, құқық бұзушылықтарды жою туралы 38 ұйғарым берген. Кәсіпкерлік субъектілеріне 183 780 теңге сомасына 4 айыппұл салынды.