Ақтөбеде төрт мұғалім көз жұмған жол апаты: БҚО әкімі көңіл айтты
Өңір басшысы бұл қайғылы оқиғаның Батыс Қазақстан облысы жұртшылығына, білім саласына ауыр соққанын жеткізді.
«2023 жылдың 1 маусымында Орал мен Ақтөбе арасын жалғайтын тас жолда жантүршігерлік апат болды. Өкінішке қарай, төрт ұстазымыздан айырылып қалдық. Бұл – орны толмас қаза. Мезгілсіз қаза тапқан педагогтар - Орал қаласы №47 жалпы орта білім беретін мектептің дефектологы Гүлжайнат Нұрхатқызы Қажығалиеваның, Казталов ауданы К.Меңдәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің логопеді және сурет, сызу пәнінің мұғалімі Әйгерім Асқарқызы Ғұмарованың, Орал қаласы психологиялық- педагогикалық түзеу кабинетінің сурдопедагогы Айсұлу Тілектесқызы Тілектесованың және Бәйтерек ауданы, Новенький жалпы орта білім беретін мектебінің дефектолог маманы Ақсамал Бейімбетқызы Адиеваның отбасына, ата-анасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын», - деді Н.Төреғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақтөбеде 4 адам көз жұмған жол апатына байланысты көлікте диплом алуға бара жатқан оралдық мұғалімдер болғанын жазған едік.
Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы жол апатына байланысты төрт мұғалім көз жұмды, екеуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігер травматологы Жасұлан Орынбаевтың айтуынша, 1977 жылғы әйел отбасы жағдайына байланысты стационарлық емделуден бас тартқан.
«1996 жылғы қыз әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Есі кірді, бірақ жағдайы ауыр күйінде қалып отыр», - деді Ж.Орынбаев.