Ақтөбеде туысына кезектен тыс пәтер рәсімдеп берген шенеунік сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімов 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сатылып кеткен пәтердің 9,4 млн теңге ақшасын әкімдікке қайтаруға тиіс.
Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департаментінің басшысы болған Жандос Әлімов биыл көктемде Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» баптары бойынша сотталып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы қызметінде жүргенде өз таныстары мен туыстарына кезектен тыс пәтер берген. Арада бірнеше ай өткенде тағы да «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» бабы бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, 2023 жылы Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы қызметін атқарған Жандос Әлімовке қайын апасы келеді. Ол тұрғын үй қорынан берілген пәтерде тұрған атасының қайтыс болу туралы куәлігін ұсынып, сол баспананы өз атына аударуды сұрайды. Алайда сотталушының қайын апасы да, оның атасы да тұрғын үй қорынан берілген пәтерге еш қатысы болмайды, яғни екеуі де пәтер кезегіне тұрмаған. Ал сотталушы Жандос Әлімов лауазымын асыра пайдаланып, комиссия отырысы өткені туралы хаттаманы қолдан жасайды. Кейін пәтерді өзге бір пәтерге ауыстыруға шешім қабылдайды. 2024 жылы пәтерді жекешелендіру туралы арызды алып, комиссияда қарайды. Комиссия мүшелерінің сеніміне кіріп, жекешелендіру туралы шешім шыққан. Ал қайын апасы сол жылы пәтерді 5 млн теңгеге сатып жібереді.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа қарағанда, сотталушы Жандос Әлімов өзіне тағылған айыпты мойындамады. Істе қала әкімі Азамат Бекет те куәгерлік еткен. Ол бөлім басшысы қызметін атқарған Жандос Әлімовтің комиссия отырысына барлық құжатты әкелгенін, нақты қайын апасына қатысты деректер есінде жоқ екенін айтқан. Құжатты дайындау, комиссияға ұсыну Жандос Әлімовтің міндеті болған соң жауапкершілік те соған артылатынын жеткізді.
Жандос Әлімов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен айыпты деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкімдер жиындығымен 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны өтеу орны — қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі. Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының азаматтық талап арызы толық қанағаттандырылды. Жандос Әлімов заңсыз жекешелендірілген пәтердің 9,4 млн теңгесін қайтаруға тиіс.
Еске салсақ, биыл сотта тұрғын үй қорындағы пәтерлердің қалай заңсыз жекешелендірілгені анықталды.