Ақтөбеде түлектер кеші кейінге қалдырылмай аталып өтіледі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында түлектер кеші қалыпты жағдайда өтеді, деп хабарлады білім басқармасынан. Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Бегімбетов кей БАҚ-тардың Ақтөбеде 5 маусымдағы оқиғаларға байланысты түлектер кешін өткізуден бас тарту туралы ақпараттарын жоққа шығарды.
«Түлектер кештері өтеді. 17 маусымда салтанатты аттестат тапсыру шаралары мен түлектер кеші өтеді», - деп хабарлады Руслан Бегімбетов.
Бегімбетовтың сөзіне қарағанда, жыл сайынғы «Жас Түлек - 2016» мектеп түлектерінің фестивалі 17 маусымда Тұңғыш Президент атындағы саябақта өтеді. Фестивальден кейін қала және облыс мектептерінде түлектер балы өтеді.