Ақтөбеде Тұрақтандыру қорынан аптасына 100 тоннаға жуық картоп жіберіліп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеге жылына 96 мың тонна картоп қажет. Жергілікті шаруалар тек тең жартысына жуығын ғана қамтамасыз етіп отыр. Бұл жолы еліміздің үш өңіріне сұраныс жолданды.

Ақтөбенің Тұрақтандыру қорында 1420 тонна картоп бар. Күн сайын әлеуметтік дүкендер мен «Табыс» коммуналдық базарына 7 тонна көкөніс жеткізіліп жатыр. Ал «Арман» ШҚ және «Пригородный» ЖШС-і ірі супермаркеттерге күн сайын 22-25 тонна картоп жеткізеді. Бұл туралы «Ақтөбе» ӘКК»АҚ баспасөз қызметі хабарлады. Дегенмен бұл өңір сұранысын толық қамтуға жетпейді.
— Өңірде 3 мың гектар жерге картоп егілді. Жеке қосалқы шаруашылықтарда 22 мың тонна, ұйымдастырылған шаруашылықтарда 27 мың тонна өнім алды. Облыста 900 мың халық болса, бізге 96 мың тонна картоп керек. Бұл тек 50-60 пайызын ғана жабады. Қала тұрғындарының саны 716 мың тұрғын болса, 60-70 пайызының сұранысын қамтиды, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айбат Ербазиев.
«Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Аманбековтің айтуынша, егер картоп сапасы талапқа сай болмаса, жеткізушіге кері қайтарады. Ал сауда орындары сөреге шығарса, демек оған сол кәсіпкерлік субьектісі жауапты болады.
— Тұрақтандыру қоры нарықтағы сұранысты түгел қамтуға арналмаған. Қор тапшылық туындаған кезде өнімді сөреге шығарады. Желтоқсан айынан бастап интервенция жасалды. Аптасына 100 тонна көкөніс шығарылды. Өткен маусымның қазан-сәуір айлары аралығында 312 тонна картопты сатуға шығарды. Ал бұл жолы қазан-қаңтар айлары аралығында 360 тоннаға жетіп тұр. Өсім бар екенін көруге болады. Өткен аптада ғана 97 тонна картоп шығарылды. Қосымша қажет болса, жібереміз, — деді «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Аманбеков.
Айта кетейік, бағаны тұрақтандыру үшін Ақтөбе Қарағанды, Павлодар, Қостанайдан картоп алдырады.
— Ресейден картоп тасымалдау тоқтап қалды. Қазіргі кезде осы сұрақтың шешімі қарастырылып жатыр. Негізгі өңірге қажетті картоптың 20-30 пайызы Ресейден әкелінеді. Бұл үлкен көлем емес. Тағы бір айта кетерлігі, «картоп азайып жатыр» дегенді естіген адамдар да жиі сатып алып жатыр, — деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Думан Дәулетияров.
Еске салсақ, Ақтөбеде бір күнде картоп бағасы 100 теңгеге қымбаттап кетті.
Кейін әкімдік оның себебін түсіндірді.