Ақтөбе әкімдігі картоп бағасының көтерілу себебін түсіндірді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеге картоп өзге өңірлер мен Ресейден әкелінеді. Баға да өндірушілерге тәуелді болып тұр. 

Ақтөбе әкімдігі картоп бағасының көтерілу себебін түсіндірді
Фото: «Ақтөбе» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі

Ақтөбеде қазір картоптың келісі 350-406 теңгеге сатылып жатыр. Бұл базарлар мен супермаркеттердегі баға. Картоп құнының бір сәтте өсу себебін әкімдік түсіндірді.

— Қазіргі таңда Ақтөбе облысында картоп бағасының қымбаттауы байқалып отыр. Өңірге картоп негізінен Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарынан және Ресей Федерациясынан жеткізіледі. Сол себепті картоптың бағасы өндірушілерге тәуелді. Сонымен қатар қазіргі таңда Ресей Федерациясы картопты шығаруға шектеу қойды. Осы орайда қолжетімді бағада сатып алуды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті «Анвар» және «Дина» сауда желілеріне, «Табыс» коммуналдық базарына тұрақтандыру қорының картобы жеткізіліп жатыр. Бұған дейін аптасына 16 тонна жеткізілсе, қазір 30 тоннаға дейін артты. Мониторингтік топтар күнделікті негізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына бақылау жүргізеді. Картоп бағасының негізсіз өсуі бойынша мәселе тұрақты бақылауда, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тұрақтандыру қорының тауарлары:

• Күріш — 420 тг/кг;

• Қант — 420 тг/кг;

• Картоп — 116-119 тг/кг;

• Сәбіз — 115 тг/кг;

• Қырыққабат — 106 тг/кг;

• Пияз — 116 тг/кг. 

«Ақтөбе» ӘКК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрақтандыру қорында 4 602,1 тонна картоп, 367,1 тонна сәбіз, 383,6 тонна пияз, 431,2 тонна қырыққабат бар.

Еске салсақ, кеше Ақтөбеде картоп бағасының бірден 100 теңгеге қымбаттағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар