Ақтөбеде түзету мекемесіндегі 400-ден астам жазасын өтеуші жұмыспен қамтылған

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Металл, темір-бетон бұйымдарын, жиһаз жасалып, арнайы киім тігеді. №8 ҚАЖ мекемесінде барлығы 14 шағын және орта кәсіп бар. 

Ақтөбеде түзету мекемесіндегі 400-ден астам жазасын өтеуші жұмыспен қамтылған
Фото: Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы

Ақтөбе облысының прокурорасы, Кәсіпкерлер палатасы, ҚАЖ департаменті мен жер қойнауын пайдаланушылар, кәсіпкерлер жиналып, жұмыспен қамту жайын талқылады. Себебі №8 ҚАЖ мекемесінде мыңға жуық жазасын өтеуші болса, оның тек 400-ден астамы жұмыс істейді. 

– Негізгі сұрақ – шағын және орта бизнес иелерін қызықтыру жолы. Бизнес түзету мекемесінен кәсіп ашуы үшін инфрақұрылымды жаңарту керек. Бұл да мол ақшаға тірелетін жұмыс. Сонымен бірге түзету мекемесіне кіргізу жүйесі де кәсіпкерлер жиі қоятын сұрақтың бірі. Кездесуге ірі өндіріс орындарымен қатар құқық қорған органдары шақырылды. Кәсіпкерлерді қаржыландыру сұрағы да маңызды, - деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко. 

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы
Фото: Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы

ҚАЖ департаментінің басшысы Руслан Уразбаевтың айтуынша, №8 мекемеде 14 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Онда шамамен 450 сотталушы жұмыспен қамтылған. Арнайы киім тігеді, макарон өнімдері шығарылады. Темір-бетон бұйымдарын, жиһаз жасайды. Сонымен бірге жөндеу-механикалық цех бар. 

– Облыста қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі біреу. Тек сол жерде тағы да жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Сотталғандарды әлеуметтендіру мақсатында 2019 жылдан бастап жұмыс атқарылып келеді. Жол картасы да қабылданды, - деді Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы
Фото: Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы
Фото: Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы

Жиында кәсіпкерлер тарапынан нақты ұсыныстар да айтылды. «Shofer» ЖК басшысы Азамат Базар өндірісті кеңейтуге, дөңгелекті қайта өңдеуді ұйымдастыруға, сондай-ақ сотталғандарды темір ұстасы ісіне оқыту қажет екенін атап өтті. Бұл бастама қатысушылар тарапынан қолдау тапты. 

Айта кетейік, Ақтөбеде 200-ден астам жазасын өтеуші рақымшылыққа ілігеді. Рақымшылыққа іліккен сотталғандардың бір бөлігі бостандыққа шықса, бір бөлігінің жазасы қысқарады. 

Соңғы жаңалықтар