«Ақтөбеде ҰБТ ойдағыдай өтті» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қарағанды облысында туризмді дамытуға мүмкіндік зор. Соған, әттең, Арқа төсінде жылы маусымның қысқа болатыны, сосын тағы ойдым-ойдым жолдар, қымбатшылық пен керекті инфрақұрылымның жетіспеушілігі ғана қолбайлау. Десек те, мұның бәрі - амалын тауып шешуге болатын мәселелер.
«Айта-айта жауыр болған дүниелер көп. Шетелден қонақ шақырмақ түгіл, әзірге өзімізге жарайды дейтіндей де демалыс жағдайына қол жеткізе алмай келеміз. Әрине, мәселенің бәрі бағаға, яки ақшаға келіп тіреледі. Туристік маусым біздің өңірде небәрі үш-төрт ай ғана болатындықтан, санаторийлер мен демалыс үйлері осы бір қысқа ғана мерзім ішінде өздерін жыл бойы асырайтын нәпақасын қарпып қалуға тырысады. Нәтижесінде демалыс орнына жолдаманың құны шарықтай аспандап, екінің бірінің қолы жетпес арманға айналып жүре береді. Көпшілік, тіпті, одан едәуір арзан бағаға әлдебір шетелге барып демалып қайтқанды жөн көреді. Әйтсе де, бағасының қымбаттығына да қарамай, туған жердің табиғатын хош көрген жандар табылып жатса, ондай отаншыл ағайынның алдына жеткенше соғып тастайтын жол мәселесі шығады. Одан қалды, біздің шипажайлардағы жағдай, қызметкерлерінің қонақ күту мәдениеті мақтанып айтарлықтай емес. Бірақ, осындай кемшіліктерге көз жұма қарайтын шетелдіктер де болады екен. Ондай саяхатшыларды «экотурист» дейді. Енді, еш қиындықтан қорықпай, тәуекелге бел буып келетін ондай қонақтар әлдебір келеңсіздікке тап болуды өзі тілеп жүретін экстремальды туристерге жақын болса керек»,-деп жазады автор.
Бұл заманда тойып секіруден жалыққан еуропалықтар дүниенің адам аяғы аз басқан бір бұрышына барып, өз жүйкесін өзі қытықтағанды өмірдің қызығы көреді-мыс. Қазақстанға келу үшін барын салып, амалын тауып жеткен соң, байтақ даламыздың бір қиянын бетке алады. Осындай туризмнің мысалы Қарағанды облысында да бар. Бұл жайында «Еріккен еуропалықтың «экотуризмі» бар болсын...» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Бас басылымда «Ақтөбеде ҰБТ ойдағыдай өтті» деген материал берілген. Өткен демалыс күндері Ақтөбеде орын алған лаңкестік және қанды оқиғалардан кейін 6 маусымда екі жоғары оқу орнында өткізілуге тиісті Ұлттық бірыңғай тестілеу 7 маусымға ауыстырылған болатын. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған қадам еді.
Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы дүйсенбідегі отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке Ақтөбе қаласындағы тестілеуді жеке бақылауына алу жөнінде тапсырма берген болатын.
Кеше министр Е.Сағадиев таңертең сағат 8.00-де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде болып, тестілеуге дайындық барысымен танысты. Ал сағат 8.40-та тестілеу өтетін екінші орын - С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде болды. Сағат 9.00-де сынақ тапсырушылар тестілеуді бастады.
- Мен Премьер-Министрдің тікелей тапсырмасына сәйкес бүгінгі тестілеуді бақылау үшін арнайы келіп отырмын. Балалар дайын. Ұлттық бірыңғай тестілеу пункттері де дайын. Таңертеңнен бастап дұрыстап тексерілді. Ешқандай қауіп-қатер жоқ, - деді Білім және ғылым министрі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айта кету керек, екі жоғары оқу орнында да мектеп бітірушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түлектердің алаңсыз сынақ тапсыруы үшін барлық іс-шаралар алдын ала ойдағыдай жүргізілді.
Бұл күні облыс орталығындағы 24 мектептің 900-ден астам түлектері бақтарын сынады. Тестілеу кезінде орталық мамандары ғана емес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де күшейтілген тәртіпте жұмыс істегенін айту ләзім. Осының нәтижесінде, екі тестілеу орталығында да сынақ тапсыру барысында ешқандай алаңдатарлық жағдай болған жоқ.
Жалпы, биыл Ақтөбе облысы бойынша 6,5 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Олардың 74 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш берген. Өткен үш күн ішінде солардың 5000-ға жуығы сынақ тапсырды. Олар негізінен аудан мектептерінің түлектері.
***
Сегед университетінің Алтаистика кафедрасының аспиранты Эстер Ототт-Ковач «Қазақ тіліндегі толымсыз сөйлемдердің синтаксисі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қазақ тілінен докторлық диссертация қорғалды» атты мақаласында. Бұл ғылыми жаңалықтарға толы жұмыс - Мажарстан ғылымының тарихында тұңғыш рет қазақ тілінен қорғалған докторлық диссертация. Диссертация ағылшын тілінде жазылып, қорғалды. Жетекшілері - Мажарстан Ғылым академиясының академигі Андраш Рона-Таш және филология ғылымдарының докторы Ева Кинчеш-Надь. Бірі мажар ғана емес, әлемдік түркітану ғылымының алып бәйтерегі болса, екіншісі - қыпшақ тілдерінің маманы.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыруымыз қажет» атты материал жарияланды. Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесінде «Жаназа» кітабын талқылау барысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыруымыз қажет деді. ҚМДБ төрағасының айтуынша, кейбір адамдар дұрыс түсінбеу салдарынан әрі тұрмыстық жағдайын ескерместен кісі қазасынан кейін аста-төк Құдайы ас береді.
Ғұламалар Кеңесінің ХІІ отырысында теолог-ғалымдар да қарызға батып, той жасағандай барын төгіп, дастарқанды тәтті тағамдарға, шырын сусындарына толтырып жіберетіндер туралы ойларын ортаға салды.
«Тойдың жөні бөлек. Ал Құдайы ас берудің өзіндік әдебі, тәртібі бар емес пе? Шектен тыс шығынға батып, ысырап етуге болмайды. Мұны дініміз де құптамайды. Біз еліміз бойынша баршаға тиімді болатын Құдайы астың ортақ мәзірін әзірлеп, көпшілік қауымға ұсындық. Бұл бастамамызға ел ағалары, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мешіт жамағаты үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Павлодар облысындағы орталық мешіттің асханасында осы ас мәзірі бойынша Құдайы ас беріліп келеді. Жергілікті жамағат игі бастама үшін алғысын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізуде. Қолға алған жұмысымыз өзге де облыстарда жүзеге асады деген ойдамыз» деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исеновтың айтуынша, мешітке жергілікті халық арасынан: «Несие алып, Құдайы ас берсем бола ма?» деп сұрап келетіндер де бар екен. «Бұл - дінімізде құпталмайтын амал. Ал біз ұсынған жаңа ас мәзірі асқа кететін шығынды екі есеге азайтады» дейді Н.Исенов.
Айта кетейік, елімізде Құдайы ас, садақа беру, мазар салу, жерлеу, т.б. рәсімдерді бір ізге, бірыңғай жүйеге келтіру мақсатында әзірленіп жатқан «Жаназа» кітабы Ғұламалар Кеңесінің атсалысуымен жуырда жарыққа шықпақ.