Ақтөбеде үш ауысымда оқыған мектептердегі жағдай қалай өзгерді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласы Алтын орда шағын ауданында 2 000 және 900 орындық екі мектеп қатар салынды. Бұл мектептер үш ауысым мәселесін шешуге септігін тигізді.

Ақтөбеде үш ауысымда оқыған мектептердегі жағдай қалай өзгерді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысында биыл 11 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл 2 апатты, 3 ескі және 6 орын тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізген ірі құрылыс жұмыстары. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы 11 400 орынға арналған 14 мектептің құрылысы толық аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 3 мектеп қолданысқа беріледі. Білім ордалары жергілікті бюджет есебінен бой көтеріп жатыр.

Ақтөбеде үш ауысымда оқыған мектептердегі жағдай қалай өзгерді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бүгінге дейін Ақтөбе қаласында үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті болды. Әсіресе Алтын орда шағын ауданындағы мектептер үш ауысымда жұмыс істеп, балалардың басым бөлігі жеке білім беру ұйымдарында оқыды. 2025-2026 оқу жылдарында № 80 жалпы білім беретін орта мектеп ашылып, қолданысқа берілді. Бұл 2 000 балаға шақталған білім ордасы.

Ақтөбеде үш ауысымда оқыған мектептердегі жағдай қалай өзгерді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Бұл Алтын орда шағын ауданы тұрғындарының көптен күткен құрылысы еді. Былтыр 1 800 оқушы қабылданды. Сонымен бірге 9 даярлық тобы ашылды. Оларға 200-ден астам бала болды. «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында салынған мектепте оқушыға, ұстазға барлық жағдай жасалған. Бастауыш сыныптары толық жабдықталған, тіпті ғылыми жобаларды бастап, қорғауға мүмкіндік мол. Мәселен әр балаға тұсбағдар таратып бере алады. Математика пәнінде қолданылатын көрнекілік құралдары да әр оқушыға бөлек үлестіріледі. Жоғары сынып оқушыларына арналған пән кабинеттері түгел. Физика, химия пәні мұғалімдері тек орта буынмен шектеліп қалмайды, бастауыш сынып оқушыларымен, педагогтермен бірге жұмыс істейді, — деді № 80 жалпы білім беретін орта мектеп директоры Айсұлу Жақсыбаева.

мектеп
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Мектепте төрт спорт залы бар. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары дене шынықтыру пәнін бөлек өткізеді. Бұл қауіпсіздік шарасы. Мектеп ауласында футбол, волейбол, баскетбол және хоккей алаңы орналасқан. Қыста коньки мен шаңғы тебуге болады. Мектепте барлығы 20-дан астам тегін үйірме жұмыс істейді. Би үйірмесінің тәрбиеленушілері бес халықаралық, екі республикалық байқауға қатысты. 11-сынып оқушылары пікірсайысқа қатысып, жоғары оқу орнының грантын жеңіп алды. Мұғалімдер де пікірсайыста республикалық турнирлерге қатысып, жеңімпазы атанды.

Ақтөбеде үш ауысымда оқыған мектептердегі жағдай қалай өзгерді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Еңбек кабинетінде тігін машинасы, ине мен жіп те жеткілікті. Тамақтану кабинетінде ас әзірлеуге болады, қыздар дастархан жаюды да үйренеді. Ер балалар арнайы құрал-сайманмен темір, ағаш өңдеуді меңгереді. Бейнелеу кабинетінде балалар сурет салады, шығармашылықпен айналысады. Ал STEM зертханасы, робототехниканы меңгерген балалар былтыр алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Кіші және орта топ балалары Астана, Қызылорда қалаларына барып, республикалық байқауға қатысты. Жыл қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласының жалпы білім беретін орта мектептері арасында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша І-орынды иелендік. Еріктілер тобы бар әрі «Жас мемлекеттік қызметші» сыныбы ашылды. Оқушылар әкімдікке барып, мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, түрлі тақырыпты талқылады. Бұл мамандық таңдауға да септігін тигізеді деп ойлаймыз, — деді Айсұлу Жақсыбаева.

мектеп оқушы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Былтырғы оқу жылында 22 түлек мектеп бітірді. Олардың тең жартысы мемлекеттік грант иегері атанды. Биыл 1-сыныпқа 300-ден астам бала қабылданды. Барлығы 14 сынып жасақталды. Сонымен бірге өзге мектептен ауысып келген оқушылар да қабылданды. Көбі Алтын орда шағын ауданындағы жеке мектептерден ауысты. Мектепте 74 бала инклюзивті білім алады. Оның 26-на педагог-ассистент бөлінді. Жалпы білім ордасында 130 педагог жұмыс істейді.

— Қауіпсіздік үшін даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушыларына бөлек кіру есігі қарастырылды. Сонымен бірге оқушы мектепке «Алақан» жүйесі арқылы кіреді. Асханада да осы жүйені қолданады. Ата-ана ас мәзірін көріп отырады. Әрі мектепте 178 бейнебақылау камерасы бар. Камералар дәліздерге, жеделсаты мен спорт, мәжіліс залдары, асхана, мектеп аумағына қондырылған. Барлығы да полицияның Жедел басқару орталығына қосылған. Күзет қызметінен өзге әр блокқа полиция дабыл батырмасы қондырылды. Дабыл батырмасында бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, — Айсұлу Жақсыбаева.

полиция, мектеп
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Айта кетейік, үш жыл ішінде жоба аясында 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды: 2024 жылы 105 мектеп, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толығымен шешілді, сондай-ақ 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы қысқарды.