Ақтөбеде үш жылға жалғасқан жол құрылысы толық аяқталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе мен Атырау шекарасына дейінгі аралықта құрылыс толық аяқталды. Құрылыс үш жыл бойы жүрді.

Ақтөбе-Астрахань тасжолының Ақтөбе-Қандыағаш арасындағы бөлігі қолданысқа берілді. Жалпы бұл бағыттағы жол Ақтөбе-Қандыағаш, Ақтөбе-Астрахань болып бөлінген. Ұзындығы — 372 шақырым. Қазіргі кезде барлық жолға асфальт төселген.

— Ақтөбе-Қандыағаш арасында 691 тонна асфальт қоспасы қолданылды. Мұнда 2500 адам жұмыс істеп, қолданысқа берілді. Келер жылы Ақтөбе облысы аумағында 350 шақырым жолға орташа жөндеу жасалады. Сонымен бірге Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын тасжолының құрылысы биыл басталды. Жоспар бойынша 2027 жылға дейін толық аяқтағымыз келеді. Бұл жолдың ұзындығы 232 шақырым. 28,1 шақырымында құрылыс биыл басталды. Өзгесінде құрылыс келер жылы басталады. Қазір конкурс өтіп жатыр. Халықаралық банктермен келісімшарт жасалады, — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Айта кетейік, қайта жаңғырту кезінде 10 көпір, 4 өтпежол, 3 жол айрығы мен теміржол арқылы 1 өтпежол салынды. 8 демалыс алаңы және 18 аялдама абаттандырылды, сондай-ақ 1795 электр бағанасы орнатылды.
Еске салсақ, бұл жолға құжат дайындау жұмысы 2017 жылы басталды.
Ал құрылыс жұмысы 2021 құрылыс бастап жүргізілді.