Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыстық топ азаматтарға жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқан
Топ мүшелері Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) қызметкерлері болып табылады.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында емтихан тапсыруға арналған сыныпқа кіре берісте міндетті теориялық емтиханнан өту кезінде ХҚО қызметкерлері өздерінің қылмыстық рөліне сәйкес белгілі бір кандидаттарды металл іздегішпен тексермей, тізім бойынша кедергісіз өткізгені анықталды. Сонымен қатар алдын ала ақша берген кандидаттардың тізімін азаматтық тұлғалар, яғни топ мүшелерінің сыбайластары жасап отырған.
Емтихан тапсырушы құлапқаптармен, микрофонмен және камерамен жабдықталып, компьютер сыныбына өтіп, мониторда шыққан сұрақтарды қылмыстық топтың мүшесіне көрсетіп отырған. Ал ол өз кезегінде жалдамалы пәтерде отырып, оған дұрыс жауаптарды нұсқаған. Сондай-ақ топтың тағы бір мүшесі емтихан кезінде көрші кабинетте отырып, оларды роутердің көмегімен интернетпен қамтамасыз еткен. Осылайша азаматтар тестті заңсыз тапсырып, жүргізуші куәліктеріне қол жеткізген.
Жалдамалы пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері 6 690 000 теңге, 1800 АҚШ долларын тәркіледі. Сондай-ақ мини-құлаққаптар, кішкентай бейнекамералар, камералары бар емтихан тапсыруға арналған жилеттер, қуаттау құрылғысы және тағы да басқа заттар тәркіленді. Сонымен қатар жеке тексеру кезінде бір экзамен тапсырушыдан марихуанаға ұқсас өсімдік тектес зат табылды.
Арнайы операция барысында Мамандандырылған ХҚКО-ның ауласында өз кезегін күтіп тұрған, өзіне қажетті техникамен жабдықталған тағы бір азамат ұсталды. Қазіргі уақытта қылмыстық схемаға тартылған адамдардың әрекеттері құжатталды және тергеу амалдары жүргізілуде.