Ақтөбеде волейболдан Қазақстан кубогында ширек финалға шыққан командалар анықталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында волейболдан ерлер командалары арасында Қазақстан кубогының топтық бәсекелері мәресіне жетіп, ширек финалға шыққан жұптар белгілі болды.

А тобында «Атырауға» тең келер қарсылас болмады. Атыраулықтар «Есіл» (СҚО), «Буревестник» (Алматы) және «Тараз» командасын 3:0 есебімен жеңді. Осылайша олар ширек финалда Б тобында төртінші орын алған «Жетісу» клубымен кездесетін болды.
Б тобында «Жетісу», «Павлодар» және «Жайықты» 3:2 есебімен қапы қалдырған алаң иелері үздік шықты. Ақтөбеліктер ширек финалда «Есілмен» шеберлік байқасады.
Өткен жылғы ел кубогының иегері «Павлодардан» 3:0, «Жетісудан» 3:1 есебімен айласын асырған Оралдың «Жайығы» жартылай финалға шығу үшін «Буревестникпен» таласады.
«Жайықтың» бас бапкері Виктор Козик 2022 жылы «Атырауға» кубокты алып берген еді. Ал «Павлодармен» өткен жылы дәл осындай табысқа қол жеткізген Игорь Никольченко енді «Буревестникті» жаттықтырады.
Сондай-ақ «Тараз» - «Павлодар» матчының жеңімпазы жартылай финалға жолдама алады.
Ширек финалдық ойындар 11 қазан күні өтеді. Финал 13 қазанға белгіленген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тұранның» тарихында тұңғыш рет волейболдан ел чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.