Ақтөбеде зейнеткерлер атынан займнан ақша алған банк менеджері ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Қазіргі кезде 6 жәбірленуші арыз түсірді. Банк менеджері қамауға алынды.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бірнеше тұрғын өздерінің атынан ақша рәсімделгенін айтып, арыз түсірді. Кейін тергеу жұмыстары жүргізілді.
- Тергеу барысында банк менеджері несие төлемін қабылдау кезінде клиенттердің атынан займ рәсімдегені белгілі болды. Ол зейнеткерлердің есепшотына түскен ақшаны өзі алып отырған. Қазіргі кезде алты жәбірленуші бар. Күдікті өз кінәсін мойындады,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Әзірге ерлі-зайыпты екі адамның шығыны 3 млн теңгеге жуықтайды.
Айтып өтейік, СҚО-да биыл 600-ге жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтарға алданып, 5 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды.