Ақтөбеде «Жас сақшы» сыныбының түлектері арнайы сертификат алды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Олар енді заңгерлік саланы таңдап, полиция қызметкері атана алады. Сертификат жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.
Ақтөбе қаласы Фариза Оңғарсынова атындағы № 41 мектеп-гимназиясында түлектерге аттестат тапсыру рәсімі өтті. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев «Жас сақшы» сыныбының түлектеріне сертификат тапсырды. Олардың бәрі мектепте құқық қорғау саласының жұмысын біліп өсті.
— «Жас сақшы» қатарында жүріп біз Отанды сүюді, тәртіп пен жауапкершілікті, достық пен адалдықты бағалауды үйрендік. Бұл жылдар бізді шыңдап, болашаққа сеніммен қадам басуға үйретті. «Жас сақшы» сыныбының оқушысы бола жүріп, тәртіп пен патриотизмді басты құндылық етіп, өзге оқушыларға үлгі болуға тырыстық. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш әрі өмірлік ұстанымға айналды, — деді Ералы Азамат.
Айта кетейік, «Жас сақшы» жобасы оқушылары қоғамдық, спорттық және әскери-патриоттық іс-шараларға белсенді қатысты. Жалпы Ақтөбе облысы бойынша бүгін 11 мыңнан астам түлек аттестат алды. Оның 816-ы «Алтын белгі» иегері болса, 719-ы үздік аттестат алды. Ал Ақтөбе қаласында биыл 25 егіздер мектеп бітірді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, алдағы онжылдықта еңбек нарығы өзгеріске ұшырап, технологиямен байланысты мамандықтардың маңызы бұрынғыдан арта түседі. Жасанды интеллект пен машиналық оқыту, финтех инженериясы, киберқауіпсіздік пен жаңартылатын энергия салаларындағы мамандар сұранысқа ие бағыттардың қатарына кірмек.