22:27, 28 Қаңтар 2023 | GMT +5
Ақтөбеде жасөспірім қарда жүретін көлікпен бір топ адамға соғылып, бір әйел мерт болды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде оқыс оқиға болды. Демалыс базасында қарда жүретін көлік руліне мектеп оқушысы отырып, ол бірнеше адамды қағып кетті. Салдарынан 40 жастағы әйел көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін сағат 15:30-да «Тау» демалыс базасының аумағында болды. Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2007 жылы туған ақтөбелік жасөспірім қарда жүретін Lynx автокөлігін жүргізіп келе жатып, жабдықталған қар сырғымасының жанында тұрған бір топ адамды қағып кетті.
«Оқиға салдарынан 40 жастағы әйел қайтыс болды. Ал 49 жастағы ер адам мен кәмелетке толмаған бес бала, оның ішінде бір жасар бала медициналық мекемеге жатқызылды. Аталған факті бойынша Ақтөбе облысы полиция департаменті тексеру жүргізіп жатыр»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, рульде отырған мектеп оқушысы болып шықты.