Ақтөбеде жол-көлік апатынан екі жолаушы көз жұмды

Ақтөбе
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласының Оңтүстік айналма жолында жүк көлігі тұрған. Оған барып соқтығысқан жеңіл көліктегі екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform.

Оқиға бүгін сағат шамамен 15:15–те болды. Қаланың бір бүйіріндегі Оңтүстік айналма жолдың жиегінде тұрған жүк көлігінің тіркемесіне жеңіл көлік барып соқтығысты. 

— «Daewoo Nexia» автокөлігінің 25 жастағы жүргізушісі жол жиегінде тұрған «DAF» жүк көлігінің тіркемесіне соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөліктің жолаушылары мерт болды. Ер адам 49, әйел 47 жаста. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Ақтөбе
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Айта кетейік, биыл облыста 427 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 87 адам көз жұмды. Ал 500-ден астам адам жарақат алды. Жол-көлік оқиғасын азайту мақсатында өңірде биыл 2 467 қоғамдық бақылау камерасы, 94 аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылып жатыр. Сонымен бірге 66 орында камералар тестілеу режимінде іске қосылды. Бәрі полицияның серверлік базасына қосылады. 

— Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 1 125 адам жүргізуші куәлігінен айырылды. Қазіргі кезде сынақ режимінде жұмыс істеп тұрған камералардан жүйелі түрде жылдамдықты асыратын жүргізушілер анықталып отыр. Бұл камералар орнатылған қалаларда жол ережесін бұзу дерегі төмендеген екен. Бізде де жақсы нәтиже береді деп есептейміз, — деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Соңғы жаңалықтар