Ақтөбеде жол-көлік апатынан соң ауруханаға жеткізілген тағы бір адам көз жұмды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Байғанин ауданына санавиация бригадасы барды. Аман қалған 7 адамды дәрігерлер қарап жатыр.
Кеше Ақтөбе – Астрахань республикалық маңызы бар автожолының Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылы маңында ірі жол-көлік апаты тіркелді. DAF маркалы жүк көлігі Toyota Camry маркалы екі жеңіл автокөлікпен соқтығысып, оқиға орнында екі адам көз жұмды. Ауруханаға жеткен соң тағы бір адам мерт болды.
– Оқиға орнына аудандық аурухананың жедел бригадасы жетті. Жол апаты салдарынан 10 адам зардап шекті. Медицина қызметкерлері жеткенше екеуі көз жұмды. Ал 8 адам ауруханаға жеткізілді. Ауыр жағдайда болған бір пациентті құтқару мүмкін болмады. Зардап шеккен қалған адамдар қажетті ем алып жатыр. Ақтөбеден санавиация бригадасы келді,- деді Байғанин аудандық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әуэзов.
Айта кетейік, Қостанай облысында екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан екі адам көз жұмды.