Ақтөбеде жол жабылып, үш күннен бері діттеген жеріне жете алмаған жүргізушілер әр жерге қонып жүр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Асхат Шахаров жолда қалған көлік жүргізушілерімен кездесті. 

жолда қалды
Фото: видеодан алынған кадр

Бүгін Хромтау ауданына жұмыс сапарымен жолға шыққан облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбенің Бекқұл баба тұрғын алабы маңында жиналған көлік жүргізушілерімен кездесті.

Жоспардан тыс кездесуде жеңіл және жүк көліктерінің иелері ауа райы қолайсыздығынан туындаған мәселелерге наразылығын білдірді.

Олар үш күннен бері облыс орталығынан оңтүстікке қарай шыға алмай тұрғанын жеткізді.

Өңір басшысы мән-жайды толыққанды білетінін, қарлы боранның салдары жеке бақылауында екенін алға тартты.

«Төтенше жағдайлар департаментінің басшылық құрамымен бірге Хромтау ауданына жолға шықтық. Жолда сіздердің жиналғандарыңызды көріп, бей-жай өтіп кете алмадым. Ауа райы нашарлаған кезде „Самара-Шымкент“ республикалық автожолының Хромтау ауданындағы учаскесінде жүк көліктері жиналып қалған. 12 жүргізуші жүк көлігін тастап кеткен. Сондықтан жағдайды жан-жақты саралау үшін Хромтау ауданына барып келемін. Ақтөбеге қайтқанымда сіздермен қайта кездесемін», — деп атап өтті Асхат Шахаров.

Талап-тілектерін айтып, шу көтерген көлік жүргізушілерінің бірін облыс әкімі өзімен бірге Хромтау ауданына алып кетті.

Бекқұл баба тұрғын алабы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автожолда Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және еліміздің азаматтарының көліктері тұр.

Олардың кейбірі ауылдағы № 76 орта мектепке тегін орналастырылып, тамақпен қамтылса, енді бірі кемпинг, қонақ үйлерде қонып жүр.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында жабылған жолда 250 жүк көлігі жиналып қалғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар