Ақтөбеде жолда қалған шетелдіктер жылыту бекетіне жеткізілді
«Қарабұтақ-Қостанай» тасжолының Талдысай ауылы маңында автобус істеп шығып, 60-қа жуық жолаушы эвакуацияланды. Олар жылыту бекеттеріне орналастырылды, деп хабарлайды Kazinform.
Оқиға түнде «Қарабұтақ-Қостанай» тасжолында болды. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол жиегінде тұрған жолаушылар автобусын көрген. Қатты аяз кезінде автобус істен шыққан.
- Автобус салонында 3 қазақстандық жүргізуші, темір ұстасы және 55 шетелдік жолаушы болды. Оның алтауы бала, төртеуі әйел. Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары Шымкенттен Ресейдің Челябинск қаласына қарай бағыт алған. Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы билік және төтенше жағлайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірге жолаушыларды эвакуациялады. Ер адамдар мешітке, ал әйелдер колледж жатақханасына орналастырылды. Эвакуацияланған адамдардың арасында медициналық көмек алғандар болмады, - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.