Ақтөбеде жүк тасымалымен заңсыз айналысқан шетелдіктер елден шығарылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Шетелдіктерге жұмыс берушілер де әкімшілік жауапқа тартылды. Төрт күннің ішінде көші-қон заңнамасын бұған 100-ден астам адам анықталды.
Ақтөбе полициясы «Мигрант» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 100-ден астам адам әкімшілік жауапқа тартылды. Соның ішінде шетелдік жұмысшылардың қызметі тексерілді.
– Мұғалжар ауданында тиісті рұқсат құжаттары жоқ үш шетел азаматы ұсталды. Олар жүк тасымалдайтын көлікті басқарып, заңсыз тасымалдаумен айналысқан. Сот ел аумағынан шығару туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілер де жауапқа тартылды, - деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде шекараны заңсыз кесіп өтпек болған 18 шетелдік ұсталды. Олар қыш тақтайша тиелген деп мөрленген жүк көлігіне мініп, «Жайсаң» шекара бекетін кесіп өтпек болды.
Қазір тергеу жүріп жатыр.