Ақтөбедегі бөбекжай-бақшада балалардың таңғы асынан қоңыз шықты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мұғалжар ауданындағы Самал бөбекжай-бақшасындағы балалардың таңғы асынан қоңыз табылды. Қазір тексеру жүріп жатыр. 

Ақтөбедегі бөбекжай-бақшада балалардың таңғы асынан қоңыз шықты
Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіге жарияланған видеодан балалардың таңғы асына ботқа дайындалғаны, ал оның ішінде қоңыздардың жүргенін көруге болады. 

Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір тексеру жүріп жатыр.  

- Ата-аналардан арыз-шағым түспеді. Қазіргі кезде әлеуметтік желідегі видео мен фото материалды негізге алып, қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша қосымша хабарлаймыз, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметі.

Ал Мұғалжар аудандық білім бөлімі қорытынды шыққан соң лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер жауапқа тартылатынын хабарлады.

- Бүгін сағат 9:00-дегі таңғы ас кезінде сұлы ботқасы (каша) таратылған. Ал оған дейін тамақ пісіру кезінде бөбекжай-бақша мейірбекесі Камшат Сәрсенова астан сынама алған. Ол кезде тұрт, тағы сол сияқты жәндіктер болмағанын айтып отыр. Алғашқы 2 топқа таратқан кезде құрттарды көріп, сол жерде таңғы ас беруді тоқтатқан. Сұлы жармасы бөбекжай-бақшаға қараша айында әкелінген. Жарамдылық мерзімі - 18 ай. Қазіргі уақытта Мұғалжар аудандық білім бөлімінің тарапынан қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қортындысы бойынша жауапты тұлғалар мен қызметкерлер тиісті жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар аталған мәселе бойынша Мұғалжар аудандық санитариялық - эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан да тексеру жұмыстары басталды, - деді Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол. 

Еске салсақ, былтыр Ақтөбе қаласында биылғы оқу жылында бастауыш сыныптың 6 оқушысы астан уланды. Эпидемиологтар істі полицияға тапсырды.

Соңғы жаңалықтар