Ақтөбедегі хостелдерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмағаны анықталды

хостел рейд
Фото: Kazinform

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қаладағы 15 хостелді аралап шықты. Көбінде қарапайым қауіпсіздік талаптары сақталмаған, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті тілшілерді ертіп, хостелдерді аралап шықты. Алдымен Ақтөбе қаласы Пацаев көшесіндегі жатынжайға барды. Мұнда 70 орын бар. Шетеліктермен қатар студенттер, кейде ем алуға келгендер аялдайды.

Өрт сөндірушілер мұндағы бірнеше кемшілікті анықтады.

«Қазір елімізде «Жатақхана» акциясы жүріп жатыр. Соған байланысты біз жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, хостелдерде алдын-алу іс-шараларын жүргізудеміз. Негізінен эвакуациялық шығу есіктеріне назар аударамыз. Сонымен бірге хостелдерде өрт сөндіру құралы міндетті түрде тұруы керек. Ток көздері де талапқа сай болуы тиіс. Профилактикалық мақсатта қарап шыққанда эвакуациялвқ есіктер дұрыс орналаспаған, өрт сөндіру құралдары түгел емес. Тіпті дабыл жүйесі қосылмай тұр. Бәрі ескертіліп, кемшілікті жоюға ұсыныстар берілді», - деді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.

Сондай-ақ өрт сөндірушілер Уәлиханов көшесіндегі хостелге барды. 

«Хостелдің ашылғанына 1 жылға жуықтады. Мұнда барлығы 30 орын бар. Капсула сұранысқа ие. Алғашында адамдар оғаш көретін еді, кейін үйренді. Алматыда болған жағдайдан соң өрт сөндірушілерді шақырып, қажетті талаптарды білгім келді. Өрт сөндіру құралын алдық. Ал дабыл жүйесін енді іске қосамыз. Ішімдік ішкен адамдарды қабылдамаймыз. Хостел ішінде темекі шегуге болмайды. Адамдар әртүрлі. Кей кезде шегіп алған адамдар келеді. Әжетханада темекі тартады. Жасырып ішімдік әкеліп, төбелес шығарады. Ондай кезде міндетті түрде полиция шақырамыз. Түнде тұрып, бәрін қайта қарап шығамын», - деді хостел иесі Сандыбат Аликулов.

Айта кетейік, Азаматтық қорғау заңнамасына сәйкес өрт қауіпсіздік ережесін сақтау бәріне міндеттеледі. Ақтөбе облысы бойынша биыл 490 өрт тіркелді. Былтырмен салыстырған өрт оқиғасы 6,8%-ға азайып отыр. Өкініштісі 10 адам қаза тауып, 12 адам жараланды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum