Ақтөбедегі медициналық университет ректоры бас бостандығынан айырылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ректор Әсет Қалиев Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабымен кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орта түзету мекемесінде өтейді. 

Ақтөбедегі медициналық университет ректоры бас бостандығынан айырылды
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің ректорына Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабымен айып тағылып, іс Алматы облысы Іле аудандық сотында қаралды. Ал Инесса Мұтырғановаға «Пара беру» бабы бойынша айып тағылды.

Іс материалына сүйенсек, Әсет Қалиев 2022 жылы ректор қызметіне тағайындалады. Сол жылы қыркүйек айында Ә.Қалиев Инесса Мұтырғановаға «Samruk-Kazyna Trust» Қорынан қаржы сұрап, университеттегі жаңа бөлімге медициналық құрал-жабдық сатып алатынын, коммерциялық ұсыныстарын жіберуге болатынын айтады. Егер Қор ұсынысты мақұлдап, қаржы бөлсе, өз кезегінде келісімшартқа қол қоюға әзір екенін жеткізеді. Инесса Мұтырғанова бәріне келісіп, құрал-жабдық сатып алу туралы коммерциялық ұсынысын береді. Екеуі пара алу және пара беру туралы келісімді Астана қаласында өткен республикалық ғылыми-практикалық конференция кезінде шешті.

2023 жылдың қыркүйек айында «Samruk-Kazyna Trust» Қоры университет ректоры Әсет Қалиевтің өтінішін қарап, 249 100 700 теңге бөлу туралы келісімі жасалады. Бұл қаржы обыр дертіне шалдыққан адамдарды оңалтуға арналған бөлімге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталуы тиіс. Кейін сотталушы Әсет Қалиев қордың қаржы бөлгенін, мемлекеттік сатып алу конкурсына хабарландыру шығар уақытының белгілі болғанын айтады. Инесса Мұтырғанова өзі бақылап отырған бірнеше фирма атынан құжат тапсырып, жеңімпаз атанады. Жалпы сомасы 195 662 000 теңгенің үш келісімшарты жасалады. Алайда Ә.Қалиев қаржының бір бөлігін уақытылы аудармаған соң И. Мұтырғанова Ақтөбе қаласына келеді.

Сот кабинетіндегі дерекке сүйенсек, сол кезде 11 640 000 теңгені алып, қаладағы қонақүй маңында пара береді. Сот отырысы кезінде сотталушылар өз кінәсін мойындамады. Бірі пакет ішінде ақша бар екенін білмегенін, ал екіншісі бұл қаржының демеушілік екенін айтты. 

Сот үкімімен Әсет Қалиев Қылмыстық кодекестің «Пара алу» бабымен айыпты деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі оршата түзету мекемесінде өтейді. «Ерен еңбегі үшін» медалінен айырылды. Инесса Мұтырғанова «Пара беру» бабы бойынша айыпты деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Істегі 11 640 000 теңге мемлекет кірісіне берілді. 

Еске салсақ, Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Әсет Қалиев былтыр ұсталды. Тергеуді Антикор жүргізді. 

Соңғы жаңалықтар