Ақтөбедегі оқушының өлімінен соң қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды
Ақтөбе қаласындағы оқушының өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform.

№27 орта мектептегі оқушы өлімінен соң полиция қылмыстық іс қозғады.
«Орта мектепте болған жазатайым оқиғадан соң Ақтөбе облыстық Полиция департаменті ҚР ҚК 141-бабы 1-бөлігімен (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Сонымен бірге Ақтөбе облысының прокуроры да қылмыстық істі өз бақылауына алды.
«Сыныптастарының түсіндірмесі бойынша Новиков сабаққа жүгіріп кіргенде құлап, партаға соғылып, жарақат алғаны анықталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында полицияның жедел тергеу тобы, Ақтөбе қаласының прокуроры барды. Іс бойынша процестік прокурор тағайындалды. Тергеу барысы облыс прокурорының жеке бақылауына алынды», - деді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Кәмшат Сәлімгереева.
Айта кетейік, бүгін 12 жастағы оқушы мектепте көз жұмды. Ол үстелге мойнын соғып алған.